/**/

МҰНАЙШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгінге дейін 80 млн тоннаға жуық мұнай өндірілген Құмкөл кенішіне алғаш рет осыдан 30 жыл бұрын тыңнан түрен салынған болатын. Айтулы датаны атап өту мақсатында және мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне орай Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында мерекелік шара өтті. Оған ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы қатысып, энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың құттықтауын жеткізді.
Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:
– “Қос тойың қабат болсын” дегендей, биылғы жылы бұл кәсіби мерекені тойлау – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық және Құмкөл кенішін игерудің 30 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отыр. Құмкөл кенішінің ашылуы Сыр өңірінің мұнайлы өлке ретінде дамуы мен өнеркәсіптік аймаққа айналуының негізін қалады. Мұнай өндіру – облыс экономикасы тайқазанының негізгі бөлігін толтырып отырған сала. Бүгінгі күні облыс аумағында қара алтын өндірумен 49 кеніште 23 компания айналысады. Облыстың мұнай компаниялары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы міндеттерді шешуге белсенділікпен атсалысып келеді,-деді.
Салтанатты жиын мұнан соң мұнай-газ саласы ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттаумен жалғасты. Аймақ басшысы, энергетика вице-министрі, СНПС Қазақстан Бас директорының бірінші орынбасары Шао Минг және “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ Президенті Фан Цзячжун барлық қатысушыларды мерекелерімен құттықтай келе, оларды “мұнай-газ саласына қосқан үлестері” үшін 30 жылдық төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталып, сыйлықтар тарту етілді. 
Қуаныш иелерінің мерекесіне орай облыс өнерпаздарымен қатар ҚР эстрада әншілері Төреғали Төрәлі мен Димаш Құдайбергеновтер арнайы шақыртылып, әннен шашу шашылды.